Қазақстан 2025 жылы 5 Airbus ұшағын сатып алды
Airbus 2025 жылы әлемдегі 91 әуе компаниясына 793 коммерциялық ұшақ жеткізгенін хабарлады. Бұл – соңғы 3 жылдағы рекордты көрсеткіш болса, өткен жылы компания Қазақстанға 5 ұшақ жеткізді. Олар – A320neo және A321neo ұшақтары.
Атап айтқанда, Air Astana екі A320neo ұшағын Avolon лизинг компаниясы және A321neo ұшағын ICBC арқылы алған. Ал Fly Arуstan 2 A320neo ұшағын Avolon лизинг компаниясы арқылы иеленді.
Airbus, сондай-ақ, 2025 жылы жаңа мың тапсырыс қабылдағаны туралы есеп берді. Олардың қатарында 49 A220, 656 A320, 100 A330neo, 2 A330 MRTT және 193 A350 ұшағы бар.
"2025 жылдың желтоқсан айының соңында тапсырыстар саны рекордтық 8754 ұшаққа дейін өсті, бұл Airbus өнім желісіне нарықтағы жоғары сұранысты көрсетеді. 2025 жылы book-to-bill көрсеткіші қайтадан 1-ден жоғары болды", – делінген компанияның хабарламасында.
Айта кетейік, Airbus әуе компанияларына 2023 жылы 735 және 2024 жылы 766 ұшақ жеткізген болатын. Биылғы көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 27 ұшаққа артық.