Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы әрі ресми өкілі Ерлан Жетібаев кейбір елдердегі референдум учаскелерінің жұмысы уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың ушығуына және Украина мен Эфиопиядағы қауіпсіздік деңгейінің төмендеуіне байланысты арнайы штаб құрылған. Соның нәтижесінде 10 елдегі 11 сайлау учаскесінің жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылданған.

Жұмысын тоқтатқан учаскелер Иран, Израиль, Иордания, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Ливан, Корея Республикасы, Украина және Эфиопия елдеріндегі Қазақстан елшіліктері жанында, сондай-ақ Дубай қаласындағы Қазақстан консулдығында орналасқан.

Ерлан Жетібаевтың айтуынша, референдум кезінде әлемнің 54 елінде барлығы 71 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Шетелдегі сайлаушылардың жалпы саны – 14 230 адам.

Сондай-ақ референдумға 10 халықаралық және өңірлік ұйымнан, шет мемлекеттердің 27 орталық сайлау комиссиясынан және Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпустан барлығы 336 халықаралық байқаушы қатысады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 31 елден келген 68 шетелдік бұқаралық ақпарат құралының 185 өкілі референдум барысын ақпараттық тұрғыда сүйемелдеуге ниетті.

Еске салсақ, 15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституция жобасын қабылдауға қатысты республикалық референдум өтеді.