Азиаттық-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында (APLO-2026) қазақ тілі алғаш рет халықаралық пәндік олимпиаданың жұмыс тілі ретінде қолданылды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, бұл мемлекеттік тілдің жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі рөлін арттыру жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып жатыр.

Олимпиада барысында тапсырмалар мен олардың ресми шешімдері ұйымдастырушылар платформасында қазақ тілінде жарияланды. Осы арқылы қазақ тілінің халықаралық академиялық коммуникация құралы ретіндегі мүмкіндігі тәжірибе жүзінде дәлелденді.

"Биылғы зияткерлік жарысқа Қазақстан, Қытай, Жапония, Малайзия, Корея Республикасы, Сингапур және Таиланд елдерінен 300-ге жуық дарынды оқушы қатысты. APLO – халықаралық лингвистикалық олимпиадаға іріктеу кезеңдерінің бірі саналады. Қазақстан құрамасы бұл додаға үшінші рет қатысып отыр. Биыл ел намысын 8 оқушы қорғады. Нәтижесінде қазақстандықтар 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, 4 қатысушы Құрмет грамотасына ие болды", – делінген хабарламада.

Жеке есепте Шыңғыс Қарасаев үздік қатысушылар қатарында 9-орын алды. Ол Орал қаласындағы зияткерлік мектептің 12-сынып оқушысы және олимпиаданың алтын жүлдегері атанды.

Күміс медальді Астана қаласындағы зияткерлік мектептің оқушысы Әмірбек Азатбеков иеленді. Ал Рамазан Бутантаев (Ақтау) пен Кирилл Тұрғымбаев (Қостанай облысы) қола жүлдегер атанды. Командалық есепте Қазақстан құрамасы 8-орынға тұрақтады.