Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотта жауап алу кезінде әйелінің қайтыс болғанын қалай түсінгенін баяндады. 

Бұған дейін Бишімбаев Нүкенованың еденге бірнеше рет құлағанын, басын дәретханаға соққанын, сондай-ақ оны қалай тепкенін айтқан.

"Ішке кіріп, жанына барып, оны қайтадан оята бастадым: "Салта, Салта, ақырындап ояншы" дедім. Содан қатты бозарып кеткенін байқадым. Қорқып, денесін ұстай бастадым, оның температурасы өзгергенін түсіндім", – деді Бишімбаев сотта куәлік беру кезінде. 

Қуандық Бишімбаев / Фото: Informburo.kz

Сотталушының айтуынша, марқұмның үстіне көрпе жабылғандықтан, денесі қалыпты температурада болған. Кейін Бишімбаев Нүкенованың тамырын ұстап көрген.


Оқи отырыңыз: Бишімбаев Нүкенованы ұрып жатқан сәт түсірілген видеоларды не үшін өшірткенін түсіндірді


"Мен қатты шошып кеттім. Ішіп алған соң тамырын сезбей тұрған шығармын деп ойладым. Бақытжанға қоңырау шалып: "Тез арада артқа қайт" дедім. Ол жүгіріп келген кезде: "Тамырын сезбей тұрмын" деп едім, ол тамырын іздей бастады. Ол да тамыр соғысын сезбей тұрғанын айтты. Мен жедел жәрдем шақыруын сұрадым", – деді Бишімбаев. 

Сотталушының сөзінше, жедел жәрдем диспетчері оған Нүкеноваға жасанды тыныс алу жасау керегін айтқан. Осы шараларды жасамақ болғанда әйелінің көз жұмғанын түсінген.