Ашық НҚА порталында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғыновтың Шарықты және Қоянды ауылдық округтерінің аумақтарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау жөнінде шешімінің жобасы жарияланды. 

Оған сәйкес, төтенше жағдай 6 қазаннан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

Әкім Әділжан Арғыновтың мәліметінше,  өрт сөндіруге 386 адам және 64 бірлік техника, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің ұшақтары жұмылдырылған.


Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында дала өртін сөндіру кезінде құтқарушы қаза болды


Кеше әкім әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға үндеу жолдап, өртке қатысты жалған ақпаратқа сенбеуге шақырған болатын. 

"Қазір әлеуметтік желілерде көмек көрсету не қаржы жинау туралы түрлі үндеу тарап жатыр. Осыған байланысты жауапты мамандар ұйымдастырмаған көмектің дұрыс емес екенін ескертемін. Біздің қажетті күш-құралымыз жеткілікті. Сарбаздардың тамағы, демалатын орны, сондай-ақ жанар-жағармай да бар. Сіздерді сабырға және әртүрлі жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамын", – деді Әділжан Арғынов.

Аудан әкімдігінің түсіндіруінше, төтенше жағдай жариялау зардап шеккен объектілерді тексеру нәтижелері бойынша қаржылық шығындарды өтеу үшін жарияланады.