Қарашөкеев: Ветеринария бойынша биолог білім береді, бұл дұрыс емес
Министр кей университеттерде ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша біліктілігі келмейтін мамандар білім беретінін сынға алды.Ауыл шаруашылығы кадрларын дайындау мәселесі қайта қаралады. Бұл туралы Сенат отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім алған студенттердің көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді.
"Біздің ұлттық білім беру орталығының қарамағында үш үлкен университет бар. Алматыда, Батыс Қазақстан облысында және астанада. Қазір ең бірінші мақсатымыз мемлекет тарапынан тапсырыс бергенде оның тиімділігін арттыру. Себебі, білім алған студенттеріміздің көбі ауыл шаруашылығына бармай қалады. Не себепті? Көбісі ауылдан келген қыз-жігіттер. Сол себептен квотаны өзгерту, квотаны көтеру мәселелері қаралып жатыр", – деді министр.
Сонымен қатар министр кей университеттерде ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша біліктілігі келмейтін мамандар білім беретінін айтып өтті.
"Одан басқа, ауыл шаруашылығы саласында мамандарды дайындайтын 12-13 университет бар. Олардың да маман дайындау сапасын арттыру қажет. Себебі, ветеринария саласын алатын болсақ, ол жақта биологтар оқытып, білім беруі дұрыс емес", – деді Ербол Қарашөкеев.
Оқи отырыңыз: Президент сауда және ауыл шаруашылығы министрлеріне сөгіс жариялады