Қарағанды полициясы Алматыда ІІ топ мүгедегін мәжбүрлеуге қатысты жауап берді
Алматыда ІІ топ мүгедегі Данияр Қойбағаровты психиатриялық сараптама орталығына апару әрекетіне қатысты Информбюро порталының сұрауына орай Қарағанды полиция департаменті жауап берді.
Еске салайық, Алматыда ІІ топ мүгедегі Данияр Қойбағаровты қарағандылық полиция қызметкерлері психиатриялық сараптама орталығына мәжбүрлеп апармақ болғаны туралы оның адвокаты Алма Мусина хабарлаған болатын. Бұл оқиға туралы ақпарат БАҚ және әлеуметтік желі арқылы тез тарады.
Prime Legal Partners адвокаттық мекемесінің адвокаты Нұрбол Құрманбайдың Информбюро порталына берген жауабына сәйкес, Қарағанды облысы полиция департаментінің қызметкерлері Алматы қаласына іссапармен келіп, Данияр Қойбағаровты оның еркінен тыс сараптама тағайындауға алып келген болатын.
"Данияр Қойбағаровқа қатысты мәжбүрлі сараптама өткізуге тыйым салу туралы сот шешімі бар. Осыған орай, полиция қызметкерлерінің әрекеттері заңсыз болып табылады. 10 қыркүйекте Қойбағаров пен оның өкілдері оқиға орнына полиция қызметкерлерін өздері шақырған болатын. Алайда, оқиға орнына келген полиция қызметкерлері керісінше оларды шақырған Қойбағаровқа қатысты қысым көрсетіп, Медеу АПБ-нда 12 cағат ішінде ұстап, адвокаттарының қатысуынсыз жауап беруге мәжбүрлеген. Бұл дерек бойынша біз Ішкі істер министрлігіне арызданған болатынбыз. Себебі, қазіргі таңға дейін Данияр Қойбағаровтың жазған арызы қараусыз қалдырылуда. Оған келтірілген дене жарақаттарын анықтау үшін сараптама да тағайындалған жоқ", – деді адвокат Нұрбол Құрманбай.
Оның сөзінше, қазіргі таңда полиция қызметкерлерінің тарапынан Данияр Қойбағаровты өз адвокаттарынан шеттету байқалып отыр.
Информбюро порталының сұрағына Қарағанды облысы Полиция департаментінің берген жауабынан полицияның жедел-тергеу тобы Алматыға қылмыстық іс шеңберінде процессуалдық әрекеттерді жүргізу үшін барғаны белгілі болды. Бұл қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
"Тергеліп жатқан қылмыстық іс шеңберінде процессуалдық әрекеттерді жүргізу үшін Қарағанды облысы Полиция департаментінің жедел-тергеу тобы Алматы қаласына жіберілді. 10 қыркүйекте қылмыс жасады деген күдікке ілінген адам қылмыстық қудалау органы қаулысының негізінде Алматы қаласындағы Сот сараптамалары институтына жеткізіліп, кейін келу туралы міндеттеме бойынша босатылды. Аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда", – делінген Қарағанды полиция департаменті баспасөз қызметінің жауабында.
Сондай-ақ, департамент мамандары полицияның заңды қызметіне кедергі келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын да мәлімдеді. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
"Мекеме ғимаратының алдында полиция қызметкерлері үш азамат тарапынан қарсыласу әрекеттеріне тап болды. Полицияның заңды қызметіне кедергі келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде. Елдің қылмыстық заңнамасына сәйкес, құқық қорғау органдарының қызметіне кедергі келтіру үшін жауапкершілік көзделгенін еске саламыз", – делінген жауапта.
Информбюро порталы осы іске қатысты Алматы қаласының полиция департаментіне де сұрақ жолдады.