Алматыда белгісіз біреулердің қала тұрғыны, екінші топ мүгедегі Данияр Қойбағаровты мәжбүрлеп психиатриялық сараптама орталығына апармақ болған әрекеті шуға ұласты. Бұл туралы Қойбағаровтың адвокаты Алма Мусина хабарлады.
Оның айтуынша, үстіне спорттық киім киген беймәлім адамдар Данияр Қойбағаровты мәжбүрлеу әрекетіне кіріскен. Олар өздерін "Қарағанды облысынан келген тергеушілерміз" деп таныстырғанымен, ешқандай құжат көрсетпеген. Тек іске куәгерлер мен заңгерлер араласып, полиция шақырғаннан кейін ғана беймәлім адамдар қызметтік куәлігін көрсетіп, Қарағанды облысының полиция тергеушілері екенін айтқан. Дегенмен, адвокат Алма Мусина олардың әрекетінің қаншалықты заңды екені сұрап, осы күш қолдану шаралары қандай құжатқа негізделгенін нақтылауды талап еткен кезде, олар бұл сұраққа жауап беруден бас тартқан.
"Менің күштеп сараптамаға жіберу туралы сот қаулысын көрсету туралы талабына құқық қорғау органдары жауап бермеді. Мен бұл әрекеттерді заңсыз деп санаймын. Өкінішке қарай, елімізде құқық қорғау органдарының әрекеттері жиі заңсыз сипатта болады. Біз, адвокаттар, бұл туралы жиі айтып жүрміз. Бірақ заңсыздықтың алдын алуға бағытталған тиісті шаралар әрқашан қабылдана бермейді", – деді Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Алма Мусина.
Бұл оқиғаға түсініктеме берген Қарағанды облысы полиция департаменті тергеу басқармасының полиция майоры Абай Қабыкен Алматыда департамент басшысының бұйрығымен жүргенін айтты.
"Менің барлық әрекетім заң аясында жүзеге асуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабы бойынша "Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол берілмейді", – деді ол.
Ал Данияр Қойбағаровтың сенімді өкілі Мария Басараб бұл әрекеттің жақында өткен Данияр Қойбағаров пен "АККОН" ЖШС арасындағы сот ісімен байланысты болуы мүмкін екенін айтты. Еске салайық, бұл істе сот Данияр Қойбағаровтың пайдасына шешім шығарған болатын.
USD:
503.9 / 506.9
EUR:
588.0 / 593.0
RUB:
6.55 / 6.67