Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталды
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірне қоныстанды.2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 7 353 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Биыл Қазақстанға келген қандастардың жартысы (49,4%) Қытайдан, 6,3% – Түрікменстаннан, 5,4% – Моңғолиядан, 34,4% – Өзбекстаннан, 3,2% – Ресейден және 1,3% басқа елдерден.
Осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1%, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,2% және зейнеткерлер 9,7% болды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,9%-ы жоғары білімді, 22,6%-ы орта кәсіби білімді, 55,3%-ы жалпы орта білімді, және 5,2%-ының білім жоқ.
Қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адам. 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 697 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
"Биыл 1 405 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 419 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 миллион теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді", – делінген хабарламада.