Қаламгер Әдебиетті дамыту дирекциясын құрып, жазушылардың бәрін штатқа алуды ұсынды
Әділбек Ыбырайымұлының айтуынша, сонда Жазушылар одағын тікелей қаржыландыруға жол ашылады.Мемлекет қайраткерінің бірде-бірі әдебиет ісіне жанашырлық танытпайды, деді жазушы Әділбек Ыбырайымұлы. Ол бұл туралы "Қазақ әдебиеті" газетіне берген сұхбатында айтты.
Жазушы осы таптаурынды көзқарас пен айырмашылықты жою үшін мәдениет туралы заңға өзгеріс енгізу керектігін түсіндірген.
"Мәдениет заңына "Қазақстан Жазушылар одағы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырмалар алуға құқылы" деген талап енгізген жөн, сонда Жазушылар одағын тікелей қаржыландыруға жол ашылады. Жүйе қалыптасады, жазушылардың сапасы артады. Тіпті "әдебиеттегі ең бірінші кезекте мемлекет тарапынан қаржыландырылуы тиіс жанр түрлері" нақтыланса да артық емес. Қазір алдаусыратып, "балалар әдебиетін дамытуға" деген сияқты тендер өткізеді. Оны бір ЖШС алады, сонымен бітті", – деді жазушы.
Әділбек Ыбырайымұлы мемлекеттің қаржы бөлуіне заң көтеретін, мүмкіндік беретін "Әдебиетті дамыту дирекциясы" мемлекеттік мекемесін құруды ұсынды. Жазушының пікірінше, бұл 800 жазушының бәрін, спортқа қолданып отырған модельмен штатқа алып, жалақы беруге, бір мәртелік шығармашылық демалыстарын төлеуге мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Жазушы балалар әдебиетін дамыту туралы: Жас қаламгерлерге ізденіс жетпейді
Сонымен қатар ол Жазушылар одағының жанынан "Жазушылар академиясын", баспалардың жанынан "Әдебиет агенттіктерін" ашуды ұсынды.
"Бізде талант бар, ізденуге мүмкіндік жоқ. Ішкі қуат көзімен шығарма жазуға болады, бірақ оған нәр бермесең тез солады. Сондықтан қаламгерліктің қадірін қашырмас үшін, біріншіден, жас әдебиетшілерді "Болашақ" бағдарламасымен шетелдерде оқыту керек. Жазушылар одағының жанынан "Жазушылар академиясын" ашқан жөн, онда жылына кемінде екі мәрте жастарға әдебиетші-ғалымдар, қаламгерлер дәріс оқыса. Екіншіден, өкілетті министрлікке ұсыныс енгізіп, баспалардың жанынан "Әдебиет агенттіктерін" ашуды қолға алған жөн. Сонда, кенже қалып отырған кейбір жанрларға да жан бітер еді. Өркениетті елдерде табысты көбірек әкелетін сала – детектив, фэнтези, триллерлер. Интеллектуальды детективтер – ел қызығып оқитын дүние. Сөйтіп, жазушылықтың сапасы артып, кітап саудасы жолға қойылады. Осының бәрі өз нәтижесін бергенде зиыны терең, кәсіпқойлығы биік жаңа ұлт қаламгерлері қалыптасады", – деді жазушы.