"Қайрат" Чемпиондар лигасындағы екі үй матчын Астанада өткізеді. Билеттер қашан сатылады?
"Қайрат" футбол клубы УЕФА-мен келісім бойынша Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы матчтарды Алматыдан Астанаға көшіру туралы шешім қабылдады.
Осылайша, команда "Олимпиакоспен" 9 желтоқсанда, ал "Брюггемен" 20 қаңтарда өтетін ойындарын "Астана Арена" стадионында өткізеді.
Клуб мәліметінше, Алматыдағы Орталық стадионның қыста матч қабылдау тәжірибесі жанкүйерлер үшін қолайсыздық тудырады. Ашық стадионда төмен температура, шатырдың жоқтығы және қар жауу қаупі ойын өткізуге де, алаң қызметкерлерінің жұмысына да кедергі келтіреді. Осы себепті көрермендерге жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау үшін матчтар жабық стадионға ауыстырылған.
Сонымен қатар "Қайрат" билеттердің бағасы 15 000–50 000 теңге аралығында болатынын хабарлады. Сату 28 қарашадан бастап Qairat SuperApp және Freedom SuperApp мобильді қосымшаларында басталады. Бір жанкүйер екі билеттен артық сатып ала алмайды.