Ата-аналар баласын дамытамыз деп, анда-мында сүйретіп оның бостандығын алып қойған. Бұл туралы психолог Жанар Сейтмағанбет AbayTV арнасының "Сана" бағдарламасында айтты.

"Ата-аналар баласын дамытамыз деп, ағылшынға да, суретке де сүйреп жүріп, оның бостандығын алып қойған. Мүмкін баланың тек сурет салып отырғысы келетін шығар. Мүмкін ол болашақ музыкант шығар. Тек қана музыкасын дамытып отыру керек шығар. Баланы дамытамын деп жанталаспау керек", – дейді психолог.


Оқи отырыңыз: Смартфон бала үшін неге ата-анадан да жақын? Психолог жауабы


Маман баланың кішкентай кезінде қандай қабілеті бар, не нәрсеге икемді екенін байқап, сол бағытта дамуына көмектесу қажет екенін айтады. 

"Ата-ана баласы қандай қабілет-қасиетпен туылғанына мән беріп, соған қарай орта, жағдай жасап беруі қажет. Музыка ма, сурет пе, кітапқұмар ма, жазушы ма, білмейміз ғой. Бала өз әлемімен, өз қабілет-қасиетімен келіп тұр. Бізде ата-ана баланың қандай қызығушылығы бар, қандай ойы бар деп қарамайды. "Балам ағылшын тілін білуі керек", "математика білуі керек" деп, үйірмеден үйірмеге сүйреп жүрген ата-аналар баланың бостандығын алып қойған. Содан бала өзінің бойындағы қабілет-қасиеттерін аша алмайды, дамыта алмайды. Себебі, оған мүмкіндік бермейді, жауып тастайды. Баланы әр нәрсеге апарып, алаңдатады", – деді Жанар Сейтмағанбет.


Оқи отырыңыз: Психолог: Баланы үш жастан асқасын ғана балабақшаға берген жөн


Психолог ата-ана баланың дамуына тек көмекші бола алатынын айтты.

"Баланың туғаннан бар қабілетін ашуға мүмкіндік жасау керек. Қай салаға қызығып тұрса, сол сала бойынша репетитор жалдап бер, керек-жарағын алып бер. Ата-ана тек көмекші бола алады. Оны дамытып, тәрбиелеп, жұлқылаудың қажеті жоқ. Өйткені, бала есейгеннен кейін ақпарат ағынының көптігінен шатасып қалады. Қазір 10-11 сыныптарда "Қандай арманың бар?" дегенге жауап бере алмайтын балалар отыр. "Менің арманым не?" деп ата-анасынан сұрап жүреді. Өйткені, кішкентай кезінен ата-анасы солай үйретіп тастаған", – дейді психолог.