Президенттің қандай өкілеттіктері қысқарады?
Мемлекет басшысы аудан және ауыл әкімдерін қызметтен босата алмайды.Парламент сенатындағы президенттік квотаны 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқартуды ұсынылды. Олардың бесеуін Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынатын болады, қазіргі уақыттағыдай сайламайды. Нәтижесінде мемлекет басшысының өкілді органның жоғарғы палатасын құруға қатысуы айтарлықтай төмендейді, деп мәлімдеді әділет министрі Қанат Мусин.
Мұнымен қатар, министр Қазақстан президентінің қай өкілеттіктерінің қысқаратынын түсіндірді.
Министрдің сөзінше, президенттің жоғары сот кеңесінің құрамын құруға қатысты өкілеттіктері өзгереді. Конституцияда белгіленген қолданыстағы тәртіпке сай президент өзі жоғары сот кеңесінің құрамын қалыптастырады. Сондай-ақ конституциялық кеңестің төрағасын тағайындайды.
"Енді президент конституциялық кеңестің және жоғары сот кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу құқығын парламент сенатының депутаттарына беруді ұсынды. Бұл ретте жоғары сот кеңесінің құрамын қалыптастыру заңмен айқындалатын болады", – деді министрі.
Оқи отырыңыз: Президенттің қай туыстары үкімет пен ұлттық компанияларда қызмет ете алмайды?
Қанат Мусиннің айтуынша, президенттің облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің актілерін тоқтата тұру немесе олардың күшін жою жөніндегі құқығын, сондай-ақ, босату құқығын алып тастауға байланысты өзгерістер жоспарланып отыр. Президенттің мұндай өкілеттіктері жойылады.
"Бұл реформа жергілікті өкілді және атқарушы органдардың күшеюіне және тұтастай алғанда, саяси жаңғыртуға ықпал етуі тиіс. Өз кезегінде, аталған бастамаларды іске асыру үшін "Қазақстан Республикасының президенті туралы" конституциялық заңына және басқа да бірқатар заңдарға өзгерістер енгізу талап етіледі", – деді Қанат Мусин.
Тиісті заң жобаларын парламенттің қарауына енгізу тамызда, ал оларды қабылдау ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған.