Бүгін өткен Үкімет отырысында президент елдегі инфляция деңгейін ретке келтіру мәселесін басты назарға алды. Мемлекет басшысы бағаның өсуін тежеу мен халықтың әлеуметтік жағдайын қорғау бойынша үкімет пен ұлттық банкке нақты міндеттер жүктеді.

Президент қазіргі экономикалық ахуалға тоқталып, инфляцияның себептері анықталғанын, ендігі кезекте оны шешудің тиімді жолдарын табу қажеттігін атап өтті.

"Инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет. Оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек. Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Дәл осы тұста түрлі пікір айтылып жатыр. Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырамын. Осы маңызды жұмысқа барлық мекеме өкілдері мен сарапшылар қатысуға тиіс", – деді мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: Тоқаев Конституция туралы: Жұртшылық назарына мүлде жаңа құжат ұсынылып отыр


Сонымен қатар, президент алдағы үш жылға арналған нақты жоспардың болуы маңызды екенін және мемлекеттік органдар тарапынан қағазбастылыққа жол берілмеуі тиіс екенін қатаң ескертті.

"Тағы да қайталап айтамын: қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет. Биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызды. Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз "жол карталарын" әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады", – деп түйіндеді сөзін президент.

Жүргізілетін жұмыстардың нәтижесі ретінде азаматтардың нақты табысының артуы мен нарықтағы баға тұрақтылығы басты көрсеткіш болмақ.