Президент: Алдымызда бизнес бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерді азайту міндеті тұр
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы сапалы дамыту үшін реформаларды жүйелі түрде жалғастыру қажет екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы негізгі мақсат – экономиканың тиімділігі мен әлеуетін арттыру екенін атап өтті.
Президент өз сөзінде квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға жарияланған мораторийдің маңызын еске салды. Оның айтуынша, бәсекелестік ортаға берілетін 473 нысанның тізімі бекітіліп, сарапшылардың есебі бойынша бұл бизнес өкілдеріне шамамен 3,5 триллион теңге табыс табуға мүмкіндік береді. Тоқаевтың айтуынша, бұл қадам жеке сектордың дамуын жеделдетуге бағытталған.
"Алдымызда бизнес бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерді азайту міндеті тұр", – деп атап өтті.
Осыған байланысты ол заңнаманы жан-жақты талдап, оны жетілдіру жөнінде бұған дейін берілген тапсырманың орындалуы маңызды екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, осы мақсатта Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады, сондай-ақ Міндетті талаптар тізімі енгізіледі.
Оқи отырыңыз: "Биші" президенттер. Көшбасшылардың биі қандай және ол дипломатияда қандай рөл атқарады?
Президент Үкімет пен бизнес-қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, цифрлық ықпалдастықты арттыру – бюрократияны қысқартудың негізгі жолы.
"Кәсіпкерлер бюрократияның азайғанын сезінуге тиіс, яғни бұл өткеннің еншісінде қалуы керек. Үкімет пен қадағалаушы органдарға осындай міндет жүктеймін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бағаның еркін нарық талаптарына сай қалыптасуы, мемлекеттік активтерді жаппай жекешелендіру және икемді реттеу саясаты экономиканың табысты трансформациясына жол ашатынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл шаралар елдің экономикалық тұрақтылығы мен бизнес ортаның тартымдылығын арттырады.