Қызылорда облысы Арал ауданында 2,5 тұрғын мал мен жанның амандығына алаңдап отыр. Өйткені ауыл іргесіндегі теміржол өткелі бір жарым айдан бері қараусыз қалған, деп хабарлайды "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі. 

Теміржол өткеліне жауаптылар қауіпсіздікті бақылаушы қызметкерлердің жұмысын тоқтатып тастаған. Соның кесірінен жұрт жалғыз өткел арқылы ауылға қатынайтын көліктер мен өріске шығатын төрт түлік пойыз астына түсіп жазым бола ма деп уайымдайды. 

"Басатын болса, жылдамдыққа қарамайды. Жүретін болса, қағатын болса машинаның санына қарамайды. Күн тұман, жауын болмай ма? Тағы басқалар болмай ма? Сонда біреу міндетті түрде мына тұрған теміржолдың астына түсіп өлуі керек пе?" – дейді ауыл тұрғыны Абай Әбішев. 

Бұған қоса ауылдағы перронда да жолаушылар үшін мүлдем жағдай жасалмаған. Тұрғындардың айтуынша, көпшілік қақаған аяз бен аптап ыстық күндері де пойызды далада тұрып күтеді. Тіпті вагонға мініп-түсудің өзі мұң. 

"Ғимараты тұр. Бірақ ешқандай жан жоқ бұл жерде. 2014 жылы ашылды. Халық қуанды, шашуын шашып бүкіл халық болып қарсы алды. Бірақ одан кейін тым-тырыс. Бір адамды мінгізу үшін екі-үш адам ертіп келуі керек. Өйткені көтеріп мінгізу керек",– дейді ауыл тұрғыны Пірімжар Әбілтаев.  

Ауыл әкімі көпшілікті мазалаған мәселені шешуге қауқарсыз екенін айтады. Бірақ жауаптыларға жазбаша хат жолдадық дейді. 

Осы темір жол арқылы тәулігіне 10-12 пойыз жүреді. Ал мамандар пойыз бен өткелден өтетін көлік санының аз екеніне байланысты бақылаушы қызметкерлердің жұмысы тоқтағанын айтты. 

"Ереже бойынша, малды бақташы өзі теміржолдан айдап өтуі керек. Санына байланысты. 200-ден асса, екі адам, 300-400-ден асса, үш-төрт адам", – дейді Қызылорда магистральді желі бөлімшесінің бас инженері Берік Бекжанов. 

Айта кетейік, Қарақұм ауылында 2,5 мың халық бар. Ал тізімге алынған мал саны 35 мыңнан асады. Төрт-түлікті күнде бақташымен өріске шығару ойға қонымсыз дейді тұрғындар. 

Ал жауаптылар алдағы уақытта пойыз саны көбейсе, өткелдің де, перронның да мәселесі шешіледі дейді.