PIN-UP пен PINCO: Қазақстанда онлайн-казино ашқан екі шетелдікке іздеу жарияланды
Қазақстан Республикасының Қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) 1970 жылғы 27 маусымда туған АҚШ азаматы Дмитры Дружинскы мен 1985 жылғы 8 қарашада туған Украина азаматы Марина Левковичті (Гинзбург) іздеуге жариялады, деп хабарлайды ҚМА.
Сот шешімімен оларға сырттай "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған. Күдіктілер Қазақстан аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінді.
ҚМА мәліметінше, тергеу барысында PIN-UP және PINCO брендтерімен жұмыс істеген онлайн-казино қызметінің шетелден басқарылғаны анықталған. Аталған қызмет байланысы бар компаниялар желісі арқылы ұйымдастырылған адамдар тобының бақылауында болған.
"Дмитры Дружинскы мен Марина Левкович координаторлық функцияларды атқарып, сыбайластарды іріктеумен, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер өкілдерімен өзара әрекеттесумен, сондай-ақ ақша қабылдау мен шығару процесін қамтамасыз ететін төлем инфрақұрылымын құруға және оның жұмыс істеуіне қатысқан", – деп хабарлады агенттік.
Заңсыз қызметті бүркемелеу мақсатында олар PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызметке мемлекеттік лицензия алған "Бонами" ЖШС заңды тұлғасын құрғаны анықталған.
Сонымен қатар қаржылық операцияларды қамтамасыз ету үшін Gold Pay ЖШС және Cyber Pay ЖШС (кейіннен – Pinnacle Financial Solutions ЖШС) сияқты төлем ұйымдарының желісі пайдаланылған. Онлайн-казино клиенттерінен түскен қаражат транзиттік шоттарда жинақталып, кейін электрондық ақша операцияларына лицензиясы бар байланысы компаниялар арқылы криптовалютаға айналдырылған.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша тергеу жалғасып жатыр.