Pfizer екпесін кез келген адам ақылы негізде салдыра алады
Ұсынысты премьер-министр Асқар Мамин қолдады.Алдағы уақытта Қазақстанда Pfizer вакцинасын кез келген адам ақылы негізде салдыра алады, деп мәлімдеді ҚР денсаулық министрі Алексей Цой.
"ҚР территориясында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК тапсырмасымен Pfizer екпесін коммерциялық нарыққа шығару үшін үкімет қаулысының жобасы әзірленді", – деді Алексей Цой.
Бұл ұсынысты премьер-министр Асқар Мамин қолдады.
"Азаматтар өзі қалаған екпені салдыра алуы үшін қажет вакцинаны коммерциялық нарыққа шығару туралы ұсынысты қолдаймын", – деді Асқар Мамин.
Министрдің айтуынша, Pfizer вакцинасының екінші партиясы елге 20 қарашада жеткізіледі. Дәл қазір аталған екпе Көкшетау, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында және Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстарында салынып жатыр.
Бірнеше күн ішінде Pfizer екпесін 1313 бала мен 247 жүкті және емізулі баласы бар әйел салдырды.
Еске салсақ, Цой жүкті әйелдерге Pfizer екпесін кейін де салдыра алатынын айтқан еді. Министр бала емізіп отырған аналардың да дәл осындай мүмкіндігі бар екенін айтты.