31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласы сыртындағы айыппұл тұрағының маңы декорациялардың қоқыс алаңына айналған. Мұнда түрлі архитектуралық мүсіндер, декорациялар, жарықшамдар ешкімге керексіз күйде шашылып жатыр. Аяз ата мен Ақшақар мүсіндері ортасынан қақ бөлінсе, отыз қаптан артық жарықшам да енді кәдеге аспайды.

Мүсіндердің біршамасы қираған, жаңбыр мен қар, жел әсерінен тозып, жарамсыз күйге түскен. Қала тұрғындары оларды дұрыс сақтап, болмаса, тұрғындарға таратып беру қажеттігін айтады. 

Дегенмен, қала билігі декорацияларды мұнда әдейі келер жылға сақтау үшін әкеліп қойған екен. Оны күзету жақын маңдағы айыппұл тұрағының қызметкерлеріне жүктелген. Петропавл қаласы ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолланың айтуынша, бүлінген декорацияларды қайта қалыпқа келтіруге болады. 


Оқи отырыңыз: СҚО-да айыппұл тұрағындағы көліктер 500 мың теңге бастапқы бағамен сатылып жатыр


"Жөндеуге келетіндерін қайта жасап, қолдана аламыз. Биыл Наурыз мерекесіне декорация әзірлеуге бюджеттен ақша бөлінген жоқ. Бәрі демеушілердің қаражатына жасалды", – дейді ол. 

Қалалық мәдениет бөлімінің басшысының мәліметінше, Наурыз мерекесінде қаланы безендіру мен концерттік бағдарламаны ұйымдастыруға 8 миллион теңгеден артық қаржы жұмсалған.