Бүгіннен бастап 20 сәуірге дейін педагогтердің білімін бағалауға өтініш қабылданады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы хабарлады. 

Өтінішті орталықтың сайты мен UTO мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. Педагогтердің білімін бағалау 18 сәуір мен 13 мамыр аралығында өтеді.

"Бұл тестілеуге біліктілік санаттарын арттыратын және растайтын педагогтер қатыса алады. Яғни, санаты жоқ үміткерлер (педагог-тағылымдамашы санатын алу үшін) келесі ПББ өткізу кезеңін күту қажет. Құзыретті органның шешімі негізінде төтенше жағдай режимі жарияланған өңірлердің (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары) педагогтерін аттестаттаудан өткізу кейінге ауыстырылатын болады", – делінген Ұлттық тестілеу орталығының хабарламасында. 

Еске салайық, биыл педагогтердің білімін бағалау жаңа форматта өткізіледі. Педагогтерді аттестаттау бес жылда бір рет өткізіледі. Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен орынбасарлары үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.

Педагогтердің білімін бағалау туралы түсіндірмені осы жерден оқуға болады. 


Оқи отырыңыз: Биыл педагогтерді жаңаша аттестаттау басталады. Оның қалай өтетінін түсіндіреміз