Павлодар тұрғындары "құжатта бар, өмірде жоқ" нысандарға шағымданды
Әкімдіктегілер бұған Ресейден келетін құрылыс материалдарының кешігуі себеп екенін айтады.Павлодарда тұрғындар мемлекеттік жоба негізінде үйінің ауласына ойын алаңдары салынбағанына наразы. Қаладағы жүздеген аулада балалар ойын алаңдарының құрылысы тоқтап, аяқсыз қалған. Жасөспірімдер төрт жылдан бері күтіп жүрген футбол алаңы да салынбаған. Ал әкімдіктегілер жұмыстың кезең-кезеңімен жүріп жатқанын айтады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"4 жыл бұрын "Халық қатысатын бюджет" жобасын жасаған болатынбыз. Кішкентай алаң құрылды. Міне қазір тамыз айының ортасына келсек те, толығымен жұмыстар аяқталған жоқ", – деді Павлодар қаласының тұрғыны Қанат Тезекбаев.
Павлодар қаласының тағы бір тұрғыны Баян Рахметова да жобаға қатысты шағымның өте көп екенін айтады.
"Балалар қаншама уақыттан бері күтіп жүр. Бұл жобаға халықтың еш қатысы жоқ болып шықты. Футбол алаңы да, орындықтар да жасалмады. Тек құры уәде берілді", – деді Павлодар қаласының тұрғыны Баян Рахметова.
Оқи отырыңыз: 15 тамыз күні Шымкентте Qamqor ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталады
Павлодардағы 150 аулаға ойын алаңдарын орнату жұмыстарын бір ғана алматылық мердігер ұтып алған. Әкімдік өкілдері компания барлық жұмысты жасап жатқанын, кідірістің құрылыс материалдарының кешігуіне байланысты болып жатқанын айтады.
"Ойын-сауық кешендері Ресейден келе жатыр. Сондықтан қазір кеденде тұр. Жақын жол емес, құжаттары бар. Жұмысымызды осы нәрсе бөгеп тұр. Бір мердігер 150 алаңды жасап беруге уәде етті", – деді Павлодар қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Жұматай Темірғалинов.
Әкімдіктегілер тұрғындардан шыдамдылық танытуды сұрайды. Биыл халықтың қатысуымен жүзеге асатын жобаға 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.