Аққулы аудандық соты «Қызғалдақ» мемлекеттік бөбекжай-балабақшасының бұрынғы директоры мен есепшісіне бюджеттен 62 миллион теңгені жымқырды деген айыппен үкім шығарды. Бұл туралы Павлодар облыстық соты хабарлады.

"Директор 2016 жылдан бері есепшімен алдын ала сөз байласып, қызметкерлерге белгіленген мөлшерден тыс жалақы мен сыйақыны заңсыз өндіріп алу арқылы ақшаны ысырап еткен. Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің көрсетулерімен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен және басқа да дәлелдемелермен расталады", – деп жазылған хабарламада.

Экс-директор зейнеткерлік жасқа толғаны ескеріліп, осындай қылмысы үшін белгіленген ең аз мөлшерде, яғни жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұрынғы есепші тергеу кезінде ақшаның бір бөлігін қайтарған. Сондай-ақ, сот әйелдің төрт баланы, оның ішінде екі кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырғанын ескеріп, оны шартты түрде 8 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы 2028 жылы, ең кіші баласы алты жасқа толғанда түрмеге қамалады.


Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында аудандық білім бөлімінің қызметкерлері 200 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді


Сондай-ақ, экс-директор өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Екінші айыпталушыға 10 жылға бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.