Патронат тәрбиешілердің жалақысы екі есе артты
Енді олар әлеуметтік аударымдарды қоса есептегенде 120 мың теңге шамасында алады.Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен биыл маусым айынан бастап патронат тәрбиешілердің қызметтеріне төленетін төлемақы артты. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұрын төленетін ақы 60 мың теңге болса, енді әлеуметтік аударымдарды қоса есептегенде 120 мың теңге шамасында алады.
"Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасылық құрылымы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Біздің ойымызша, патронат тәрбиешілердің қызметтеріне төленетін ақыны арттыру осы отбасыларда тәрбиеленетін балалардың өмір сүру деңгейін жақсартады", – деді комитет төрайымы Насымжан Оспанова.
Бүгінде елімізде отбасылық орналастырудың төрт балама түрі бар: бала асырап алу, қорғаншылық (қамқоршылық), патронат және қабылдаушы отбасы. Айта кетейік, интернат ұйымдарында 3 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленіп жатыр.