Парламент елорданың атауын Астана деп өзгертуді мақұлдады
Бір күн бұрын елорда мәслихаты да бұл бастаманы қолдаған еді.Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар елорданың атын Астана деп өзгертуді мақұлдады. Бұл туралы "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында жазылған. Заң жобасын Әділет министрі Қанат Мусин таныстырды.
"Елорда атауын өзгерту мәселесін азаматтар ұзақ уақыт бойы кеңінен талқылауда. Ол кездесулер барысында және референдум кезінде азаматтардың үндеулерінде көтерілді. Сондықтан, қоғамдық пікірді ескере отырып, депутаттардың бұл ұсынысы заң жобасына енгізілді", – деді министр.
Министр елорданы қайта атау бойынша бастаманы "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы ұсынғанын еске салды.
"Заң жобасы шеңберінде көзделген конституциялық новеллалар мемлекет басшысының саяси бастамалары мен депутаттардың ұсыныстарын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді, бұл саяси жүйенің мүлдем жаңа стандарттарын белгілейді. Қолдауды сұраймын", – деді Әділет министрі.
Депутаттар ұсынылған заң жобасын екі оқылымда мақұлдап, дауыс берді.
Айта кетейік, бір күн бұрын елорда мәслихаты да бұл бастаманы қолдаған еді.
Оқи отырыңыз: Елорда мәслихаты қала атауын Астана деп өзгертуді қолдады