Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында Исламабадта Dostyq Қазақстан – Пәкістан спорт орталығы ашылды. Орталықта өзге спорт түрлерімен қатар тоғызқұмалақ сыныбы да тұрақты жұмыс істейді, деп хабарлады ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының баспасөз қызметі. 

Салтанатты шарада қонақтарға осы тоғызқұмалақ және шахмат сыныптары ресми түрде таныстырылды. Қазақстандық делегация құрамына кірген тоғызқұмалақ ойынының мамандары оның тарихы, ережелері және халықаралық даму перспективалары туралы баяндама жасады.

ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының баспасөз қызметі

Сонымен қатар, Тоғызқұмалақтан 3 дүркін Әлем чемпионы Серік Ақтаев пәкістандық спортшылар мен жаттықтырушыларға арнап шеберлік сабағын өткізді. Сабақ барысында ойынның стратегиялық ерекшеліктері, оқу-жаттығу әдістемелері және халықаралық жарыстарға дайындық тәжірибесін бөлісті.

Шара барысында интеллектуалдық және ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталған келесі маңызды құжаттарға қол қойылды. Қазақстан мен Пәкістан арасындағы 2026 жылға арналған спорттық іс-шаралар жол картасы, оның ішінде тоғызқұмалақ бойынша бірлескен турнирлер мен оқу семинарларын өткізу келісілді. Тоғызқұмалақты Пәкістан аумағында дамытуға бағытталған ынтымақтастық жөніндегі уағдаластықтар жасалды. 

Еске салайық, 2025 жылғы күзде Пәкістан Ислам Республикасының астанасы Исламабад қаласында Пәкістанның Тоғызқұмалақ федерациясы ашылған болатын. Федерация президенті болып Пәкістан ішкі істер вице-министрі Давуд Бареаш сайланды.