Пәкістан Ислам Республикасының астанасы Исламабад қаласында Пәкістанның Тоғызқұмалақ федерациясы ашылып, Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлады Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациясының баспасөз қызметі.
Шараға Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Раманқұлов, Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсұн, атқарушы директор Серік Ақтаев, сондай-ақ Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Қыстафин қатысты.
Қазақстанның Пәкістандағы елшілігінің бастамасымен Исламабадта салынып жатқан “Достық” спорт кешенінде қазақтың ұлттық спорт түрлері – Қазақ күресі мен Тоғызқұмалақ тұрақты түрде дамиды. Кешен пайдалануға берілгеннен кейін Пәкістанның басқа ірі қалаларында да осындай орталықтар ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, шахмат федерациялары арасында өзара ынтымақтастық орнатылып, аталған спорттық негізде тоғызқұмалақ ойынының оқу-жаттығу сабақтары ұйымдастырылады.
Бұған дейін тоғызқұмалақ федерациялары Чехия, Латвия, Моңғолия, Түркия, Оңтүстік Корея, Колумбия, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Польшада ашылған болатын. Енді Пәкістан Ислам Республикасы да Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының толық мүшесіне айналып отыр.
Еске салайық, 2024 жылы өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Пәкістан командасы тоғызқұмалақ сайысына алғаш рет қатысып, үлкен қызығушылық танытқан болатын.
USD:
522.1 / 524.7
EUR:
604.0 / 608.0
RUB:
6.37 / 6.51

