ОСК төрағасы аудан әкімі сайлауына мораторий жариялауға қатысты жауап берді
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәжіліс депутаттарының аудан әкімдерін сайлауды уақытша тоқтату және саяси мораторий енгізу туралы ұсынысына жауап берді. Жауап Мәжілістің ресми сайтында жарияланған.
"Сауалда көтеріліп отырған аудан әкімдерін сайлауды уақытша тоқтату және саяси мораторий енгізу мәселелері ОСК құзыретіне кірмейді. Себебі аталған мәселелерді іске асыру Конституциялық заңға және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңға түзетулер енгізуді қажет етеді", – деп жауап берді Нұрлан Әбдіров.
Сондай-ақ, ОСК төрағасы 2023 жылы 5 қарашада пилоттық түрде сайланған 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қала әкімдерінің ішінен өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатқан 3 әкім барын еске салды. Олар:
- Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы әкімі (Үкімет аппаратына ауысуына байланысты);
- Қызылорда облысының Шиелі ауданының әкімі (Қызылорда қаласының әкімі болып тағайындалуына байланысты);
- Жетісу облысы Кербұлақ ауданының әкімі (Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалуына байланысты).
Нұрлан Әбдіровтің мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 2025 жылдың басынан бастап 1 қала, 6 аудан әкімінің сайлауы өтті және 2 аудан әкімінің сайлауы тағайындалған.