Орталық музейде "Шамдар жанған сәтте" балалар шығармашылығының көрмесі өтеді
16 ақпан мен 2 наурыз аралығында Ұлттық орталық музейде Алматыдағы көркем студиялар мен мектептердің "Шамдар жанған сәтте" атты балалар шығармашылық көрмесі болады. Көрме Қытай мәдениетінің маңызды дәстүрлі мерекелерінің бірі – Қытай Жаңа жылы мен Шамдар мерекесіне арналады.
Айта кетейік, Қытай Жаңа жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне ресми түрде енгізілген. Шамдар мерекесі – жарықтың, шеңбердің, айдың және отбасылық жылулықтың мерекесі. Оның басты идеясы – қауышу, яғни жақын жандардың бас қосуы, бірлік, қуаныш пен үйлесімді сезіну.
Экспозицияда 5 жастан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің кескіндеме және графика бағытындағы өнер туындылары ұсынылады. Әрбір жұмыс өзіндік ерекшелігімен, көркемдігімен және эмоциялық тереңдігімен дараланып, балалар қиялы мен шығармашылық ойлау қабілетін айқын көрсетеді.
Қытай Жаңа жылы мен Шамдар мерекесіне арналған көрме экспозициясында балалардың ең үздік 100 шығармасы ұсынылады. Жас суретшілер толған ай, жарқыраған шамдар, отбасылық мерекелер, үйдегі жайлылық, достық пен өзара түсіністік бейнелеріне жүгінеді. Шығармалар жаңа жылдық циклдің аяқталуын және адамдардың бірлігін білдіретін мерекенің мәнін ашатын шынайы эмоцияларға, қиялға және жеке көзқарастарға толы.
Жоба аясында Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының бас консулдығы мен Yutong компаниясы "Алматы – Қытай Жаңа жылы. Шамдар мерекесіне арналған жаңа энергетикалық автобуспен тақырыптық сапар" атты бастаманы іске қосады.
Бұл бастама балалар шығармашылығы мен қоғамдық көлікті біріктіре отырып, көлік карталарындағы тақырыптық балалар суреттері және автобус сапарлары арқылы Алматы тұрғындарына дәстүрлі қытай мерекелерімен және Қытайдың экологиялық технологиялар саласындағы жетістіктерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.