Оралда интимдік қызмет көрсетумен және есірткі заттарын таратумен айналысқан әйел ұсталды
Ішкі істер министрлігі қоғамда "заң мен тәртіпті" қамтамасыз ету аясында Оралда есірткі сатушылардың әрекетіне тосқауыл қойды.
Бұл туралы 9 желтоқсанда ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Данияр Мейірхан айтты.
"Орал қаласында интимдік қызмет көрсетумен және есірткі заттарын таратумен айналысқан 36 жастағы әйел ұсталды. Сонымен қатар жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде екі шетелдік азамат ұйымдастырған есірткі зертханасы жойылды", – делінген хабарламада.
Оның айтуынша, жалға алынған үйді тінту барысында синтетикалық есірткі өндіруге арналған жабдық және сатуға дайын 9 килограмм мефедрон тәркіленді. 27 мыңнан астам бір реттік доза айналымға жіберілмеді.
"Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", – деді Данияр Мейірхан.