Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Қаринова балабақшаларды лицензиялау ісіне қатысты түсініктеме берді. Оның жазуынша, мемлекет балабақшаларды жабу міндетін қоймайды, лицензиялау мұндай салдарға әкелмейді.

Вице-министрдің мәліметінше, биылғы жылдың өзінде мемлекеттік қолдау шараларының арқасында үш жүзден астам балабақша ашылуда, олардың жартысынан көбі – жекеменшік.

"Мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларда осы жылдар ішінде бірыңғай әдістеме бойынша мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландырудың бірыңғай тетігі іске асырылуда. Бұл ретте, осы саладағы қызметтерді қолдау үшін 2020 жылы мемлекеттік тапсырыс әдістемесіне мемлекеттік тапсырыс құрылымында жалақыны 25%-ға арттыруға, педагогтердің демалыс ұзақтығын 56 күнге дейін ұлғайтуға және т.б. арналған қаражат көлемін көздейтін өзгерістер енгізілді және бұл шараларға республикалық бюджеттен қомақты көлемде қаржы бөлінді", – деп жазды Шолпан Қаринова.


Оқи отырыңыз: Балабақшаларды лицензиялау 2024 жылы басталады


Вице-министр мектепке дейінгі білім – қазіргі уақытта лицензияланбайтын жалғыз білім деңгейі екеніне тоқталды. Лицензиялау тексеру тетігі ретінде 2011 жылға дейін жүргізілген.

"Қазір бұл процедураны қайтару қажеттілігі туындады, өйткені балаларға қатысты көптеген резонанстық жағдайлар ата-аналар мен қоғамды әділеттілікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүр етті. Бұл қоғамның сұранысы. Бұл ретте біліктілік талаптары әлемнің көптеген елдеріндегі сияқты балалар үшін қажетті жағдайлардың ең аз жиынтығын қамтитын болады: тиісті педагогтердің, бейнекамералардың, оқу материалдарының болуы, санитариялық және өртке қарсы нормаларға сәйкестігі, меншікті немесе жалға алынған ғимараттың болуы", – деді Шолпан Қаринова.

Лицензиялау кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.Ең алдымен заңдарға, басқа да заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізіледі.

Бірінші кезеңде жаңадан ашылған мектепке дейінгі ұйымдар лицензияланады. Бұл – жылына шамамен 200 балабақша деген сөз.  Содан кейін лицензиялау қайта мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген, бірақ жұмыс істеп тұрған ұйымдар үшін көзделген. Олардың саны жылына – 10-15 балабақша. Басқа барлық жұмыс істеп тұрған балабақшалар тәуекелдерді бағалау негізінде лицензия алатын болады.