Премьер-министр Олжас Бектенов Phygital International компаниясының негізін қалаушы, доктор Рене Фазелмен және ұйымның бас директоры Нис Хаттпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Онда фиджитал-спортты физикалық белсенділік пен цифрлық технологияларды біріктіретін перспективалық бағыт ретінде дамытуға назар аударылды.

"2026 жылы Қазақстанда "Болашақ ойындары" халықаралық турнирін өткізу жөніндегі мәселелер талқыланды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын баяндады. ҚР Киберспорт федерациясының деректеріне сәйкес, бүгінде 1,5 миллионнан астам қазақстандық белсенді түрде киберспортпен айналысады", – делінген хабарламада. 

Жоғары технологиялық халықаралық іс-шараны Астанада ұйымдастыру жастар арасында жаңа спорттық форматтардың танымалдылығын арттыруға ықпал етпек.

Кездесуге қатысушылар фиджитал-спортты дамыту бойынша ынтымақтастықты нығайту жөніндегі ниеттерін жеткізді.