Олжас Бектенов Парламентке үш жылдық бюджет жобасын таныстырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы қарсаңында премьер-министр Олжас Бектенов пен Үкімет мүшелері AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жиында Үкімет басшысы президенттің 2019–2024 жылдарға арналған Жолдаулары мен "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым" сайлауалды бағдарламасының орындалу барысын баяндады.
Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Президенттің Жолдаулары ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтынын және қоғамдағы ең өзекті сұрақтарға нақты жауап беретінін атап өтті. Оның сөзінше, бағдарламалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы билікке деген сенімді нығайтады.
Премьер-министр Бектенов ел экономикасының тұрақты өсімін және жаңа өндіріс орындарының ашылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, кейінгі жеті айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалып, сирек металдарды игеру бағытында жаңа жобалар іске асып жатыр. Алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы да Парламентке енгізілді.
Оқи отырыңыз: "Теңіз деңгейі төмендеуде". Бектенов көрші елдерді Каспийді сақтау үшін күш біріктіруге шақырды
Сонымен қатар әлеуметтік саладағы ірі жобалар, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту, ауыл шаруашылығы мен экспорт әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын айтты. Биылдың өзінде 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 160 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Денсаулық сақтау саласында өлім-жітім көрсеткіші төмендеп, халықтың өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75 жастан асты.