Қарағанды облысында Олимпиада чемпионы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сапиев пен оның орынбасары, самбодан Азия мен әлем чемпионаттарының жүлдегері Дәурен Есімханов арасында жанжал туындап, төбелес болған.

Бұл ақпаратты Қарағанды облыстық полиция департаменті растады.

Полицияның мәліметінше, 42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде "денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінің ғимаратында екі ер адам арасында жанжал шыққаны анықталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр", – делінген ресми мәлімдемеде.

Қазір жәбірленушінің алған жарақатын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама жарақаттың қаншалықты ауыр екенін көрсетеді. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске салайық, Серік Сәпиев бұл лауазымға 2024 жылғы қарашада келген болатын.