Өзбекстанда имамдарға әлеуметтік желілерді жүргізуге тыйым салынды. Қазақстанда мұндай нормалар қарастырыла ма
Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желілерді өз қауымдарымен байланыс құралы деп санайды.Қазақстанда имамдар мен басқа да діни қызметкерлерге Өзбекстандағыдай әлеуметтік желілерді жүргізуге тыйым салынуы мүмкін бе? Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов жауап берді.
"Әрине, біз көрші елдің бұл тәжірибесін білеміз. Дегенмен, әлеуметтік желілер өз үмметтерің мен азаматтармен байланыс құралы деп есептеймін. Сондықтан біз қазір басқа нұсқаларды қарастырып жатырмыз. Бірақ әлеуметтік желілерге тыйым салуға келетін болсақ, мұндай мәселе болмайды", – деді Қанат Ысқақов Сенат кулуарында.
Оның айтуынша, дін қызметкерлері олармен офлайн режимде сөйлесумен қатар, тікелей эфир арқылы да байланыса алады.
Айта кетейік, Өзбекстанда имамдардың әлеуметтік желіде уағыз айтуына тыйым салынды. Діни қызметкерлер желідегі жазбаларға да лүпіл баспауы керек.