Өзбекстан азаматтарының Қазақстанда тіркеусіз жүру мерзімі ұзартылмақ
Өзбекстан мен Қазақстан қолданыстағы 5 күндік мерзімді 30 тәулікке дейін арттыруды жоспарлап отыр.Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының өзара сапарларының шарттары бойынша, екі ел азаматтары бір-біріне тіркеусіз 5 тәулікке ғана келе алады. Бұл мерзімді ұзарту жөніндегі екі елдің хаттама жобасы Ашық НҚА порталында қоғам талқысына ұсынылды. Хаттама жобасында бұл мәселеге қатысты екі елдің ұстанымдары берілген.
Елге уақытша тіркеусіз келу мерзімін 30 тәулікке ұзарту
- Өзбекстан ұстанымы. Азаматтың ұлттық паспорты болса, екінші елдің аумағында тіркеусіз 30 күн бола алады. Бұл ретте тек мемлекеттің уәкілетті органдарына хабарлама берсе жеткілікті.
- Қазақстан ұстанымы. Өзбекстан ұсынысымен сәйкес. Бірақ, оған қоса, азаматтың 180 күндік кезең ішінде екінші елде тіркеусіз болу мерзімі 90 күннен аспауы қажет. Яғни, аталған кезең ішінде екінші елде әрбірі 30 күннен болатын болса, тек 3 рет келе алады деген сөз.
Оқи отырыңыз: Қазақстан университеттерінде өзбек тілі мен әдебиеті оқытылады
30 тәуліктен 6 ай не одан көп мерзімге дейін ұзарту
Өзбекстан мен Қазақстан ұстанымы бірдей. 30 тәулік мерзімі өткен соң азамат тіркеуге тұру арқылы елде болу мерзімін ұзарта алады. Бұл ретте мерзімді ұзарту үшін елден шығу қажет емес.
Миграциялық бақылау картасын жою
Өзбекстан аталған картаны қолданыстан алып тастауды ұсынды. Ал Қазақстанда миграциялық бақылау картасы үш жыл бұрын қолданыстан шығарылған.