Шымкент қаласында Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты полиция қызметкерлеріне қатысты салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді. Сондай-ақ қалалық полиция департаментінің басшылығы қатаң жауапкершілікке тартылды.

Сенатта өткен брифинг барысында Санжар Әділов құқық қорғау органдары Шымкентте болған қылмыс бойынша тергеуді жалғастырып жатқанын айтты. Қылмысқа, соның ішінде қызды заңсыз алып кету дерегіне қатысы бар күдіктілер қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Оның айтуынша, президенттің тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі тәртіптік шаралар қабылдаған. Атап айтқанда, Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасарлары қызметтерінен босатылған.

"Сондай-ақ, қылмысты тіркеу және мәжбүрлі некеге итермелеу дерегі бойынша тиісті шара қолданбаған полиция қызметкерлеріне қатысты салғырттық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл істі министрліктің өз қауіпсіздігі департаменті тергеп жатыр", – деді ол.

Еске салайық, Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні Шымкентте, каникулға келген үйінің маңында, пышақ жарақаттарынан қаза тапқан. Марқұм өзіне шабуыл жасаған адамды таныған. Ол қызға тұрмысқа шығуға ұсыныс жасап, бас тартқаннан кейін күдікті оны еркінен тыс алып кеткен. Кейін қыздың ата-анасы оны үйіне қайтарған. Алайда ер адам Нұрай Серікбайды қудалауын жалғастырып, телефон арқылы қоқан-лоққы көрсеткен. Қыздың ата-анасы полицияға арыз жазғанымен, қылмыстық іс қозғалмаған.