Археология ғылымы динамикалық түрде дамып жатыр. Алайда бізге көп жастар келмейді, деп мәлімдеді Әлкей Марғұлан атындағы археология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Талғат Мамыров.

"Өйткені, археология – бір жағынан қызық болып көрінгенімен, өте ауыр мамандық. Біздің жұмыстар тек қана далалық жермен шектелмейді, камералды-лабораториялық жұмыстарға жалғасады. Далалық жұмыстар да өте қиын болады. Көп жағдайда археологиялық ошақтарға бару оңай болмайды, ауа райы жағдайы бар. Басында жастар қызығады да, кейін ғылымның күрделілігін көргенде кете бастайды. Ал осы салада қалған жастар соңына дейін жүреді", – дейді Талғат Мамыров.

Дегенмен институт өкілі жас ғалымдар қатары жаңарып келе жатқанын атап өтті. Ол үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұратынын жеткізді.

"Қазіргі таңда ғылым комитетінің көмегімен жас ғалымдарды тартуға, үйретуге, стажировкаға жіберуге мүмкіндіктер бар. Жиі жобалар жарияланып тұрады. Сонымен қатар мектептермен, университеттермен, Алматы және Нұр-Сұлтан қаласындағы  археологиялық үйімелермен жұмыс істейміз. Жазғы мектептер, конференциялар ұйымдастырылып тұрады", – дейді институт өкілі.

Айта кетейік, бүгін 15 тамыз – археология күні.