Жыл сайын Ұлыстың ұлы күніне орай әр қалада, ауыл-ауданда мерекелік іс-шаралар өтеді. Халық үшін концерт, фестиваль, жәрмеңке, спорт жарыстары ұйымдастырылады. Кейбір қазақстандықтар бес күндік демалысты пайдаланып, Наурыз мейрамын өзге қалада тойлауды жөн санайды. 

Осы орайда Информбюро порталы Астана, Алматы, Шымкент және Түркістанда өтетін іс-шараларға шолу жасады.

Астана

21 наурызда Достық үйінде "Қош келдің, Әз Наурыз!" атты ауқымды мерекелік іс-шара өтеді.

21-22 наурызда "Наурыз – береке бастауы" концерттік бағдарламалары өтетін орындар:

  • қалалық алаң;
  • "Қазақ елі" монументі аумағы;
  • EXPO аумағы;
  • "Астана Арена" стадионы маңы;
  • "Astana Music Hall" алаңы;
  • "Ататүрік" саябағы.

21-22 наурыз күндері "Қазақ елі" алаңында гуманоидты робот пен робот-иттің қатысуымен арнайы көрсетілімдер өтеді.

21-22 наурыз күндері Астананың тұрғын алаптарында дәстүрлі "Наурыз мейрамы" халықтық көңіл көтеру іс-шаралары ұйымдастырылады:

  • Алматы ауданында: Теміржолшылар тұрғын алабында және "Жерұйық" саябағында;
  • Нұра ауданында: "Жағалау" және "Айғыржал" гүлзарларында;
  • Сарайшық ауданында: Интернациональный және Промышленный елді мекендерінде;
  • Байқоңыр ауданында: Өндіріс және Кірпішті тұрғын алаптарында;
  • Есіл ауданында: "Бағыстан" және "Пригородный" тұрғын алаптарында;
  • Сарыарқа ауданында: "Наз" би театры алдындағы және "Қорғалжын» гүлзарларында өтеді.

21-23 наурыз аралығында сағат 14:00-ден бастап EXPO халықаралық көрме орталығында шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі, ұлттық ойындар мен жарыстар қамтылған Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар өтеді.

Сонымен қатар 20-21 наурыз күндері "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында жастардың бастамасымен EXPO аумағында ұлттық нақышта заманауи технологияларды қолдана отырып безендірілген киіз үй тігіледі. Киіз үйде LED-экраны бар интерактивті аймақ қарастырылған. Қонақтар робот-ит пен дрон-полицейдің көрсетілімін тамашалай алады. Сондай-ақ заң, құқықтық тәртіп және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын насихаттауға бағытталған түрлі интерактивті ойын бағдарламалары мен әлеуметтік акциялар ұйымдастырылады.

Елорда циркі 21 наурыз күні сағат 16:00-де цирк әртістерінің шоу-бағдарламасына шақырады.

21 наурыз күні Нұра ауданында "Астана Арена" стадионы алдындағы алаңда UMC (Ана мен бала орталығы) жасанды интеллект арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтайтын диагностикалық жабдық орнатады. Сонымен қатар ауданның жекеменшік мектептері нейрожелілер арқылы қолданылатын фотобудка мен робототехника көрмесін ұйымдастырады.

22-23 наурыз күндері сағат 14:00-ден 18:30-ға дейін EXPO халықаралық көрме орталығы аумағында Наурыз мейрамына арналған жәрмеңке жұмыс істейді.

22 наурызда сағат 12:00-де Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында "Қош келдің, Әз Наурыз!" концерттік бағдарламасы өтеді.

21 және 22 наурызда елорданың алты ауданындағы 30-дан астам алаңда қазақ күресі, қой көтеру, арқан тартыс, асық ату, қол күрес, гір көтеру.ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.

Алматы

Биыл Наурызда қалада 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Мерекелік негізгі алаңдар – Астана алаңы, Абай алаңы, Жібек жолы даңғылының жүргіншілер аймағы және Панфилов көшесі.

Аудандардағы концерттер

Аудандардағы мерекелік орындар:

  • Алатау ауданы: ALMATY ARENA спорт кешенінің алдындағы алаң (21 наурыз, 11:00-16:30);
  • Алмалы ауданы: М. Ганди атындағы саябақ (21 наурыз, 12:00-16:00);
  • Әуезов ауданы: Сайран көлінің батыс жағалауы (21 наурыз, 11:00-16:30);
  • Бостандық ауданы: Тұңғыш президент саябағы (21-22 наурыз, 13:00-16:00);
  • Жетісу ауданы: Алматы ипподромы (21 наурыз, 11:00-17:00);
  • Медеу ауданы: Пушкин көшесіндегі жүргіншілер аллеясы (21 наурыз, 11:00-15:00);
  • Түрксіб ауданы: С. Сейфуллин атындағы саябақ (21 наурыз, 10:00-16:00);
  • Наурызбай ауданы: №221 мектеп аумағы (21 наурыз, 11:00-16:30).

Негізгі мерекелік іс-шаралар 21-23 наурыз аралығында өтеді. Бұл күндері қала тұрғындары мен қонақтарына арналған кең ауқымды мерекелік бағдарлама ұсынылады: концерт, театрландырылған қойылым, көрме, мәдениет қайраткерлерімен кездесу, сонымен қатар қазақ халқының дәстүрлі салт-дәстүрі көрсетіледі.

Астана алаңы

21 наурызда Астана алаңында сағат 11:00-ден 22:00-ге дейін мерекелік концерт өтеді. Сахнада Медеу Арынбаев, Сәкен Майғазиев, Нұржан Керменбаев, Ернар Айдар, Жарқынай Ханайым, Ален Самықенов, Әбік Жексен, Жұлдыз Өмірғали, Диная, Салтанат Бақаева, Мөлдір Әуелбекова, Әсет Есжан, Әзімбек Байлин, Ерден Жақсыбек, Мұхтар Ханзада, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Талғат Күзембаев, Нұрмұхаммед Жақып, сонымен бірге Дос-Мұқасан, Ұлытау, KeshYOU және Алашұлы топтары, арнайы қонақ – әзербайжандық әнші Роза Зергерли өнер көрсетеді.

22 наурызда сахнада Әлішер Кәрімов, Марсель, Turar, Belluci, Нұржан Абай, Ажар Назар, Ілияс Қабдырай, Ray, Baha, Sanzhar Jumasitov, Astra, Zhenis, Жасұлан Көпберген және басқа да өнер жұлдыздары сахна төрінен көрінеді.

23 наурызда Дидар Кәден, Сая Махамбет, Дәуіт Тұрғынәлі, Балауса Ерғалина, Айдар Абдрахманов, Жақып Нұрмұхаммед, Майдан Аймауыт, Бостан Нұрдәулет, Тұрдалы Дастан және көпжанрлы "Парасат" этно-ансамблі өнер көрсетеді.

Абай алаңы

Абай алаңында 21 наурызда Айгүл Үлкенбаева, Arkaiym тобы, Il canto және La Bella квартеттері, Мөлдір Әуелбекова, Нұрсұлтан Нұрбердиев, сонымен қатар заманауи орындаушылар Kyle ruh, Nurbullin, Сәбира Садырқожаев, Айбар Санбай, Әгугай ансамблі, Сардар этно-ансамблі, Сақ тобы, Nursad, Aikentai, AyaFUNK, Astra, Moonlight, Amalyat, Альфа тобы және Ayree қатысуымен концерт өтеді.

22 наурызда "Дос-Мұқасан" тобы, Әлішер Қонысбаев, Балжан Бидаш, Айқын, Төлепберген, Әли Оқапов, Нұржан Керменбаев, KeshYOU тобы, Ademi, Axallek және өзге де орындаушылар өнер көрсетеді.

23 наурызда Роза Рымбаева, Айдана Меденова, Жұбаныш Жексенұлы, Dakelot, Sanzhar, 404 тобы, Дервиши ансамблі, Дударай тобы, Тілек Базаров, Рано, Ботагөз Ғазизқызы, Тұмар тобы, Жұмыр қылыш тобы, Ерсұлтан Стамғазиев, Болат Құсайынов, Алуа Ерболатқызы және өзге де артистер өнер көрсетеді.

Сонымен қатар 21-23 наурыз Абай алаңында Түркі әлемі халықтарының көрме-жәрмеңкесі өтеді. Түркия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан келген қолөнер шеберлері бірегей бұйымдарын ұсынады.

Арбат

Жібек жолы – Панфилов көшелері бойында 21-23 наурыз күндері Robo DJ-дің ерекше шоуы, қуыршақ театрының қойылымдары6 Serpin этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы NAURYZ: Qazaq Sound концерттік бағдарламасы күтеді. Күннің шарықтау шегі – әсерлі Dream Light жарық өтеді.

21-22 наурыз (10:00-18:00) Арбатта дәстүрлі "КітапFest-2026" кітап фестивалі өтеді. Онда 40 баспаның таңдаулы туындылары ұсынылып, белгілі жазушылармен әдеби кездесу, сондай-ақ ұлттық және шығармашылық бағыттағы шебердің сабақтары ұйымдастырылады. Фестивальдің басты ерекшелігі, цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында құрылған Smart Yurt киіз үйі.

21-23 наурыз аралығында Панфилов жүргіншілер көшесінде заманауи қазақстандық суретшілердің кескіндеме және фотосурет өнерін біріктірген ашық аспан астындағы ауқымды көрме ұйымдастырылады. "Ұлы даланың ғажайыптары" атты республикалық этно-көрме өтеді. Бұдан бөлек, ашық аспан астында "Халықтық караоке" форматындағы төрт караоке алаңы ұйымдастырылады.

"Алатау" дәстүрлі өнер театры

21-25 наурыз аралығында "Алатау" дәстүрлі өнер театры аумағында көшпелі шапито форматындағы "Наурыз шоу" цирктік бағдарламасы өтеді. Бағдарламаға Ресей, Украина және Қазақстаннан келген үздік артистер қатысады: гимнастар, акробаттар, үйретілген иттер, эквилибристер мен әуе гимнастары өнер көрсетеді. Сонымен қатар цирктік қойылымға Мұрат Мұтырғанов қатысады.

Метро бекеттері

21-23 наурыз аралығында Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Ұлттық орталық музейі метрополитен бекеттерінде фотокөрме ұйымдастырады. Наурыз мейрамын мерекелеу аясында жолаушыларға қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін бейнелейтін фотосуреттер ұсынылады. Фотокөрме Жібек Жолы, Алмалы, Сайран, Сарыарқа бекеттерінде сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейді.

Шымкент

21 наурызда "Астана" алаңы, "Әл-Фараби" алаңы, "Наурыз" алаңы, Металлургтер саябағы, Наурыз саябағы, Алатау саябағы, Арбат демалыс аймағында мерекелік бағдарламалар өтеді. "

21 наурызда "Астана" алаңында 11:00-де Наурыз мейрамының мәнін ашатын театрландырылған қойылым көрсетіледі. Эстрада әншілері Жұбаныш Жексенұлы, Айдана Меденова, Тұрар, Kalifarniya, Азия тобының қатысуымен мерекелік гала-концерт, 23:00-де мерекелік отшашу болады. 

"Астана" алаңында робототехника көрмесі, интерактивті пианино, қазақтың көшпелі өркениеті мен салт-дәстүрін насихаттайтын VR ойын алаңшалары және цифрлық киіз үй ұсынылады.

21 наурызда 12:00-де әл-Фараби алаңында DamDastour халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді. Фестивальға Қазақстаннан және шетелден келген халықаралық деңгейдегі 10 аспаз қатысып, өздерінің авторлық тағамдарын ұсынып, аспаздық шеберліктерін көрсетеді. Іс-шараға шамамен 50 жергілікті мейрамхана қатысып, келушілерге түрлі тағамдар ұсынады. Фестивальде қонақтарды street style және K-pop бағыттарындағы Dance Battle, домбырашылар ансамблінің өнер көрсетуі, батырлар шоуы, цирк қойылымдары, мотошеру және Moto Show, спорттық автокөліктер көрмесі, сондай-ақ қолөнершілер жәрмеңкесі күтеді.

22 наурызда 11:00-де "Астана" алаңында "Шымкент сазы" дәстүрлі өнер кеші, 15:00-де "Саз колледжі" өнерпаздарының концерттік бағдарламасы, 19:00-де Садраддин, Дастан Оразбековтың қатысуымен мерекелік гала-концерт өтеді.

23 наурызда "Астана" алаңында 11:00-де Ұлттық киім дизайнерлерінің сәндік дефилесі, 14:00-де "Қазына" би ансамблінің концерті, 19:00-де Ғазизхан Шекербековтың қатысуымен мерекелік гала-концерт өтеді.

24 наурызда "Астана" алаңында оркестрлер айтысы ұйымдастырылып, қазақ ұлт-аспаптар, симфониялық, эстрадалық оркестрлердің айтысы өтеді. Дәл сол күні 19:00-де Қайрат Нұртас, Баянсұлудың қатысуымен мерекелік гала-концерт, 23:00-де дрон шоу өтеді.  «Астана» алаңы

Түркістан

Киелі Түркістан қаласында Наурыз мейрамы кең көлемде тойланады. Жаңадан салынған Түркістан атшабарында 21-22 наурыз күндері мерекелік концерт, спорт жарыстары және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтеді.

21 наурызда сағат 10:00-ден бастап Атшабар аумағында ұлттық спорт түрлерінен ауқымды жарыстар өтеді:

  • аударыспақтан "Қазақстан Қабланы" республикалық турнирінің финалдық ойындары;
  • дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты;
  • теңге ілуден ересектер арасындағы Азия кубогы;
  • жамбы атудан республикалық турнирдің финалдық ойындары;
  • аламан бәйгеден республикалық турнир;
  • 8 мемлекеттің қатысуымен көкпардан Әлем чемпионаты.

21 наурызда сағат 12:00-де Атшабар аумағында"Армысың, әз-Наурыз!" мерекелік концерті басталады. Кешке Қабдол Тілепов, Артур, Ернар Амандық,, Қазыбек Құрайыш және Әлем өнер көрсетеді. 22 наурызда кешкі 18:00-де Төреғали Төреәлі, Ерке Есмахан, Raim және басқа да танымал өнер жұлдыздары мерекелік гала-концерт өтеді. Содан соң Түркістанда болмаған от шашу шоуы болады. 

21 наурызда Атшабар аумағында Наурыз мерекесіне орай Turkistan Fashion Days атты үздік дизайнерлік топтамалардың
айрықша дефилесі өтеді.

22 наурызда сағат 14:00-де Ясауи университетінің "Мәдениет орталығында" "Құрмет" орденінің және "Алтын" домбыраның иегері, Түркістан қаласы мен Отырар ауданының құрметті азаматы, айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтің 50 жас мерейтойына арналған "Алаштың Бекарысы – айтыстың Бейбарысы" атты Республикалық "Наурыз" ақындар айтысы өтеді. Аламан айтысқа Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Анар Жаппарқұлова, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанхан, Иранғайып Күзенбаев бастаған кіл жүйріктер қатысады.