Парламент мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың атына жолдаған депутаттық сауалында әскерде жүріп қаза тапқан, ауыр жарақаттанған сарбаздардың ісі әділ тергелуі керек екенін айтты.

Мәжіліс депутатының сөзінше, кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Ал кейінгі төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан.

"2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. 2024 жылғы маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне бір ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Ал таяуда болған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарасынан бес ай бойы ес-түссіз жатты. Жауаптылар "Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды" дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. 7 қыркүйек күні Ақтаудағы гарнизонда сарбаз Марат Барқұлов есімді бауырымыз көз жұмды. Оны офицер атып жіберген. Бұл қасақана жасалған әрекет пе, жоқ па? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әділ зерттеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек", – деді Нартай Сәрсенғалиев мәжілістің жалпы отырысында.

Депутат 2023 жылы Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар екенін айтқанын, алайда ондағы жазбалар қайда екенін сұрады.

"Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма? Әскердегі әлімжеттік мәселесін АMANAT партиясы 2022 жылы көтерген болатын. Алайда жағдай түзелмек түгілі ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың әскерде жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес", – деді мәжіліс депутаты.

Нартай Сәрсенғалиев әскерилердің әлеуметтік мәселесін де көтерді.

"Осы тұста тағы бір түйткіл бар, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Олардың айлығы шайлығына жетпейді, себебі соңғы рет әскерилердің жалақысы 2008 жылы ғана көтерілген. Уағында берілген әлеуметтік қолдау шараларының біразынан шет қалған. Бұл жағдайды түзету – кезек күттірмейтін мәселе", – деді депутат.

Депутат әскердегі аталған келеңсіздікті тыю және оның алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауды ұсынды. Мұнымен қоса, әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-әрекеттерді күшейту керек екені атап өтті.