Мысыр университеті қазақстандық студенттерге грант санын 2 есе арттырды
Оқу орнының басшылығы Қазақстан тарабының наурыздағы ұсынысына орай оң шешім қабылданғанын хабарлады.Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Әл-Азһар университеті жанындағы Ислам зерттеулері академиясының бас хатшысы Назир Мұхаммед Аядпен кездесіп, екі ел арасындағы тарихи-рухани байланысты нығайту туралы сөйлесті.
"Әл-Азһар университетінің шейхы, доктор Ахмет Тайып біздің ұсынысымызды қолдап, Қазақстанға бөлінетін 25 білім грантын екі есе ұлғайту туралы шешім қабылдады", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Өз кезегінде академия бас хатшысы Назир Мұхаммед Аяд Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына әрқашан қолдау көрсететінін жеткізді. Басқосуда Нұр-Сұлтан қаласында салынатын Ислам академиясының оқыту жүйесі талқыланды.
Айта кетейік, қазақстандық тарап бұл ұсынысты биыл наурыз айында жасаған болатын. Әл-Азһар университеті жанындағы Ислам зерттеулері академиясының бас хатшысы бұл ұсынысқа орай нақты оң шешім қабылданғанын жеткізді.