Мысыр әуежайында қаза болған қазақстандық әйелдің денесі елге қашан жеткізіледі
Мысыр әуежайында қайтыс болған Ақмарал Мұқанованың денесін елге жеткізу мәселесі шешілді. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров мәлімдеді.
"Алдын ала ақпарат бойынша, бүгін оның денесі Қазақстанға жеткізіледі. Олар тасымалдау шығындарын өздері төлеп отыр", – деді Әлібек Қуантыров мәжілісте өткен брифингте.
Оның айтуынша, марқұмның отбасына моральдық шығын төлеу мәселесі де шешілді. Бірақ сомасын жариялаған жоқ. Қазіргі кезде арнайы комиссия құрылды. Соның аясында тергеу жүргізіледі.
Естеріңізге салайық, 17 мамырда Мысырдағы Шарм-эль-Шейх халықаралық әуежайында жарнама тақтасы құлап, салдарынан бір Қазақстан азаматы қаза болған еді. Тағы екі отандасымыз жеңіл жарақат алған.