"Мүгедектерді Алла Тағала жазалады" деген әкім орынбасарының басы дауға қалды. Ол не деп ақталды
"Мүгедектерді Алла Тағала жазалады" деген Алматы облысы әкімінің орынбасары даудың астында қалды. Шенеунік халықпен кездесуде онсыз да "жазаланғандарды" одан әрі жазаламауды сұраған. Ойланбай сөйлеген шенеуніктің сөзі көптің ашуын тудырды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро бағдарламасы.
"Олар мұны тек орынсыз пікір емес, мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған ауыр соққы дейді. Сондықтан желі қолданушылары мемлекеттік қызметркелдің ісі мүлде кешірілмейтінін жазып, орынбасардың жауапкершілікке тартылуын талап етіп отыр», – делінген арнаның хабарламасында.
Ал Қанат Есболатовтың өзі желідегі парақшасында кешірім сұрап, ойын дұрыс жеткізе алмағанын айтты. Оның сөзінше, "Құдай үлкен сынақ берген" дегісі келген.
"Келген азаматтардың арасында бірқатар мүмкіндігі шектеулі жан болды. Кейбірі тік тұрып, өз кезегін күтті. Кезегі жеткенде залдағы бірнеше адам сөзін бөліп, оған кедергі жасай бастады. Регламентті сақтауға шақырдым. Алайда орыс тілінде айтқан сөзімде қателік бар. Ойымды дұрыс жеткізбеппін. "Құдай үлкен сынақ берген» деп айтпақ болғанмын. Айтқан сөзім көпшіліктің көңіліне, тіпті намысына тигенін де түсіндім. Осы үшін шын ниетіммен кешірім сұраймын», – деді ол.
Алайда жұрт тек кешірім сұрау жеткіліксіз, сондықтан қызметкерге қатаң сөгіс жариялау қажет деп санайды.