Мұғалімдер еден жуып, сенбілікке қатысқан: Жүзге жуық әкімшілік іс қозғалды
Ұстаздар қызметіне қатысты арыз-шағымын "Педагогты қорғау" аталатын Telegram-чат арқылы Оқу-ағарту министрлігіне жолдай алады.Әр педагогтің құқығын қорғау мақсатында арыздар мен шағымдарды қабылдайтын қосымша "Педагогты қорғау" Telegram-чаты іске қосылған. Бұл чатқа түскен әр ақпарат, өтініш тікелей Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті мен оның аумақтық департаменттерінің бақылауында болады. Өтініштердің бәріне жауап беріледі. Бұл туралы комитет төрағасы Ернұр Дәуенов Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиынында хабарлады.
"Комитет әрдайым педагогтардың арыздарын қарастыруға дайын. Педагогқа оның міндетіне жатпайтын қызмет атқаруға мәжбүрлеу орын алған жағдайда e-Otinish порталы немесе біздің Telegram-чат арқылы өтініш түсіруге болады. Ол расталған жағдайда аймақтық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес тиісті шаралар қабылдайды", – деді комитет басшысы.
Оқи отырыңыз: Мектеп директоры қай жағдайда екі есе жалақы алады? Оқу-ағарту министрлігінің жауабы
Министрлік өкілінің айтуынша, бүгінгі таңда мұғалімдерден артық есептілікті талап етумен бірге оларды сабақ уақытында сенбілікке қатыстыру, еден жууға мәжбүрлеу деректері тіркелген.
"Бүгінге дейін біздің департаменттер мұндай 189 деректі тіркеді. Оның 93-і бойынша әкімшілік іс қозғалса, 100-і аумақтық департаменттер жанындағы консультативтік кеңесші органдарда қаралып жатыр", – деді Ернұр Дәуенов.
Комитет басшысының айтуынша, ең көп өтініш Түркістан және Шығыс Қазақстан облысынан түскен. Ал Алматы облысы мен Маңғыстау облысынан бейресми өтініштер көп түседі.