"Миллиардтаған доллар жоғалтудамыз". Депутат транзит саласын толықтай цифрландыруды ұсынды
Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа сауал жолдап, Қазақстанның халықаралық транзит саласындағы мүмкіндіктерін арттыру мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, еліміз қазіргі уақытта жаһандық тасымалдаудан миллиардтаған доллар жоғалтып жатыр.
"Іске асырылып жатқан бастамалар мысалы Smart Cargo, логистикалық паспорт, инфрақұрылымның цифрлық көшірмесі, қағазсыз құжат айналымы бәру әралуан сипатқа ие және бірыңғай индустриялық-логистикалық экожүйені қалыптастырмайды. Халықаралық тәжірибе бәсекеге қабілеттілік транзитпен емес, оның айналасындағы қосылған құнды қалыптастырумен қамтамасыз етілетінін растап отыр. Мысалы, Джебель-Али порты (БАӘ), Туас порты (Сингапур) және Дуйсбург порты (Германия) индустриялық-логистикалық экожүйе ретінде жұмыс істейді, мұнда жүктерді өңдеу, жинау, қаптау, таңбалау, сертификаттау, олардың сервисі мен кері экспорты жүзеге асырылады", – деді ол.
Әбутәліп Мүтәлі бұл ретте цифрлық ашықтыққа ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.
"Төлемдерді алдын ала цифрлық есептеу моделіне көшіруді ұсынамыз. Сонда кәсіпкер жүк келгенге дейін оның толық құнын – салықты, бажды, алымды, логистикалық шығыстарды төлейді, және ресімдеу мерзімдері мен ықтимал тәуекелдерді көреді. Сонымен қатар қазыр бар құралдар — Еркін экономикалық аймақ, индустриялық аймақтар, көлік дәліздері мен цифрлық шешімдер қайтадан бытыраңқы дамып, индустриялық-логистикалық хабтардың бірыңғай моделіне біріктірілмегенін атап өткен жөн. Қолданылып жүрген тәсілдер сақталса, қосымша құн қалыптастырылмай транзиттік қана мемлекет болып қалып, өнеркәсіптік өсім мен экспорт әлеуетінен қапы қалу тәуекелі сақталады", – деді депутат.
Жолдаған сауалының соңында ол еркін экономикалық аймақтарды, индустриялық аймақтарды және логистикалық орталықтарды, олардың өңірлік ерекшеліктерін біріктіре отырып, индустриялық-логистикалық хабтардың арнайы реттеушілік режимін енгізуді, сондай-ақ, толық цифрлық интеграцияны Smart Cargo, "бір терезе", логистикалық паспорт, жүктер трекингі және электрондық тасымалдау құжаттарын қамтамасыз етуді ұсынды.