Қазақстан XXV қысқы Олимпиялық ойындарға 36 спортшымен қатысады. Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитеті хабарлады.

Төртжылдықтың басты бәсекесі 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді.

Қазақстан қысқы Олимпиадаға тоғызыншы рет қатыспақ. Милан–2026 ойындарының басты ерекшелігі – гендерлік теңдік қағидатының сақталуы. Қазақстан құрамасы сапында 18 ер адам мен 18 әйел спортшы бақ сынайды. Бұл 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасымен салыстырғанда екі спортшыға көп.

Аталған Олимпиада Пхёнчхан-2018 ойындарының қола жүлдегері, фристайл-могулдан Юлия Галышева үшін бесінші Олимпиада болмақ. Сондай-ақ шорт-тректен Абзал Ажғалиев пен Денис Никиша Олимпиадаға қатарынан төртінші рет қатысады.

Қазақстан құрамасында бұдан бөлек фигуралық сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров пен фристайл-могулдан әлем чемпионаттарының екі дүркін қола жүлдегері Анастасия Городко да бар.

Қазақстандық спортшылар 10 спорт түрінен бақ сынайды. Құрамадағы 36 спортшының 18-і Олимпиадаға алғаш рет қатысады.

Ең жас спортшы — 16 жастағы Асан Асылхан, ол фристайл-акробатикадан өнер көрсетеді. Оның қоржынында Азия ойындарының күміс медалі бар.