Мемлекеттік атаулы көмек: Енді үміткердің қарыздары мен депозиттері туралы ақпарат сұралады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекетті атаулы көмек беру тәртібіне өзгерістер енгізбек. Құжат жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Оған сәйкес, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер келіскен кезде шығыс операциялары, банктік шоттардағы, банктік қарыздардағы, микрокредиттегі, жинақ салымындағы, депозиттегі ақша қаражатының қозғалысы туралы мәліметтер алынады. Бұл оның мемлекеттік көмекке мұқтаж не мұқтаж емес екенін айқындау үшін маңызды.
Құзырлы министрліктің мәлімдеуінше, бұл өзгертулер мемлекет басшысының нақты мұқтаж азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.
"Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігіндегі алдағы өзгерістер шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан нысаналы қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Күтілетін нәтижелердің мерзімі – 2025 жылғы желтоқсан айы", – делінген құжат жобасында.
Оқи отырыңыз: "Кедейлік құрсауынан босатты": АӘК кімдерге көмектесті?
Еске салайық, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен ҚР халқының келесі санаттарына тағайындалады:
- ҚР азаматтары;
- ҚР аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар;
- босқындар;
- қандастар.
Жан басына шаққандағы орташа табыс – бұл отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі.
Кедейлік шегі – ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде белгіленген бір адамға шаққандағы ақшалай кірістің шекті ең төмен шамасы.