Медициналық өнімдерге бірыңғай ҚҚС: сала өкілдері жаңа тәсілді ұсынды
Астанада "Аманат" партиясы жанындағы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Бұл туралы Экономика министрлігі хабарлады.
Отырыс барысында "Қазақстан фарммединдустрия" фармацевтикалық және медициналық өнім өндірушілер қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов денсаулық сақтау саласында шикізаттан бастап дайын дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға дейінгі бүкіл тізбекке бірыңғай 5% қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап медициналық өнімдерге салық салу жүйесі көп деңгейлі әрі күрделі болмақ. Атап айтқанда:
- шикізат пен жабдыққа – 16% ҚҚС;
- Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және МӘМС аясындағы дәрі-дәрмекке – 0%;
- дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды импорттау және өткізуге – 2026 жылдан бастап 5%, 2027 жылдан бастап 10% мөлшерінде ҚҚС енгізу көзделіп отыр.
Сұлтановтың пікірінше, мұндай модель отандық фармацевтикалық өнімдердің әкімшілік шығындарын арттырып, олардың өзіндік құнының өсуіне әкелуі мүмкін. Ал 5% бірыңғай ҚҚС мөлшерлемесі салықтық әкімшілендіруді жеңілдетіп, нарықта тең бәсекелестік қалыптастыруға және бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексін енгізудің алғашқы нәтижелері белгілі болғаннан кейін, яғни 2026 жылдың екінші жартыжылдығында бұл мәселені қайта қарауды ұсынды.