"Мөр басылған қағазға ақы төлейді". Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов қазіргі таңда көліктерді техникалық тексеруден өткізу жүйесін осылай сипаттады. Бұған себеп – техникалық тексеру жүргізу орталықтарының қызметіндегі олқылықтар. 

"Сайлаушылармен кездесуде, әлеуметтік желі арқылы азаматтардың басым бөлігі техникалық тексеру процесі көлік құралдарының техникалық жағдайын нақты тексеруге емес, белгілі бір жеке мүдделі құрылымдардың қаржылық пайдасына жұмыс істейтін жүйеге айналғанын алға тартуда. Ішкі істер министрлігінің деректері де соны дәлелдейді: 2025 жылы тіркелген 12 мың жол апатының төртеуі ғана, ал 2024 жылғы 31 мың апаттың небәрі 17-сі көліктің техникалық ақауынан болған. Демек, жол-көлік аппаттарының басты себебі – жүргізушілердің ереже бұзуы мен жол сапасына тікелей байланысты", – деді депутат премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында. 

Осы ретте депутат жеке тұлғалардың кәсіпкерлік мақсаттағы және жаңа емес жеңіл көліктеріне 2-3 жылда бір рет ашық әрі тиімді міндетті техникалық тексеру жүргізу жүйесін енгізуді ұсынды. Мұндай тексеру сапалы болуы тиіс, ол үшін құқық қорғау органдары техникалық байқау саласындағы заң бұзушылықтарды анықтап отыруы қажет. Сондай-ақ, депутат техникалық тексеру орталықтарын талапқа сай қайта лицензиялауды ұсынды. 

"Халық жүйенің шынайы қауіпсіздік кепілі емес, мөр басылған қағазға төленетін ақыға айналғанын ашық айтуда. Әсіресе ауылдың шалғай тұрғындары байқау орталықтарының аздығынан жүздеген шақырым жүріп, бір күнін тексеруге арнайды. Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген елдерде әлдеқайда тиімді және халық мүддесіне сай шешімін тапқан. Мәселен, Еуропа елдерінің көбінде мұндай тексеріс тек коммерциялық көліктерге немесе ұзақ аралықпен жүргізіледі", – деп түсіндірді ұсынысын Мархабат Жайымбетов.