Тікелей эфир

Қазақстанда көліктерді техникалық тексеру тоқтай ма? Үкімет басшысы жауап берді

Әлихан Смайылов 2022 жылы техникалық тексеріс операторларының жауапкершілігін арттыру жоспарланып отырғанын айтты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанда техникалық тексерістің өз күшін жоймайтынын мәлімдеді. Қаңтар айында депутат Айқын Қоңыров үкімет басшысына сауал жолдап, бірқатар көлік түрін техникалық тексеріс пен әкімшілік жауапкершіліктен босатуды сұраған еді, деп хабарлады kolesa.kz сайты. 

Депутаттық сауалда техниканы тексеру формалды шараға айналып, азаматтардың қалтасына артық салмақ түсіріп отырғаны, саланы жемқорлық жайлағандықтан, техникалық тексеру көлік иесі мен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етпейтіні айтылған.

Премьер-министр Әлихан Смайылов өз жауабында міндетті техникалық тексеріс заңда көзделгенін еске салды. Оның үстіне ақауы бар көліктер жылдан жылға көбейіп барады. Ал заңсыз техникалық қызмет көрсететіндермен күресу үшін бақылау күшейтіліп, көлік тексеретін орындар жүйелі түрде қадағаланады деп уәде берді. Сондай-ақ, Смайылов 2022 жылы техникалық тексеріс операторларының жауапкершілігін арттыру жоспарланып отырғанын айтты.


Оқи отырыңыз: Көлік пен ауыл шаруашылығы техникасына жаңа утиль алым мөлшерлемесі белгілі болды


Көлік құралын көрместен диагностикалық карта рәсімдегендер 300 АЕК-ке дейін (833 400 теңге) айыппұл төлейді және қызметіне үш жылға дейін тыйым салынады, жалған техникалық тексерістен өткен жүргізушілерге 5 АЕК (13 890 теңге) айыппұл салынады, жаңадан ашылған көлік тексеретін орындарға талап күшейтіледі.

Премьер-министрдің айтуынша, тексерістен өтпеген көлікті "Сергек" анықтайды. Пилоттық жоба жақында іске қосылады.

"Аталған шаралар жүзеге асса, осы саладағы заңсыз әрекеттер жойылып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Осыны ескере отырып, міндетті техникалық тексерісті алып тастау орынсыз деп санаймыз. Бұл мәселе үкіметтің тұрақты бақылауында", – деді Әлихан Смайылов.

Еске салсақ, көлік пен ауыл шаруашылығы техникасына жаңа утиль алым мөлшерлемесі белгіленгені туралы хабарлаған едік. Утиль алымының мөлшерлемесі 50% төмендейді.

Серіктестер жаңалықтары