ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесіне қатысты сауал жолдады.

Депутат премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваға бағытталған сауалда балалар, студенттер мен педагогикалық қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңыздылығы ерекше атап көрсетілген.

"Білім беру мекемелерінің қоғамдық қауіпсіздігі халықты қатты алаңдатып отыр. Себебі бұл – балалардың, студенттер мен педагогикалық қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты мәселе. Білім беру мекемелеріндегі, әсіресе, балабақшалар мен мектептердегі күзет жағдайы баса бақылауды талап етеді. Көп жағдайда мұндай функциялар формальды сипатта ғана, ал іс жүзінде оны көбінесе зейнет жасындағы адамдар атқарып жүр. Мұндай жағдай көбіне жалақының төмендігінен туындап отыр. Соның салдарынан бұл жұмысқа білікті мамандарды тарту қиын. Бұдан басқа, бүгінгі таңда, білім беру мекемелерінің ғимараттарына кіру режимін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілі жоқ. Бұл, өз кезегінде, қауіпсіздікке нақты қатер төндіреді. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің көбінде ғимаратқа тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуін анықтайтын техникалық тексеру құралдары, соның ішінде металл детекторлар жоқ екенін атап өткім келеді", – дейді депутат.

Депутат биыл Алматыдағы университеттердің бірінде болған студенттің оқытушыны жарақаттауы және әлеуметтік желілер мен БАҚ-та таралған жалған қауесеттерді мысалға келтіріп, білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейтудің өзектігін атап өтті.

Самат Нұртаза осы айтылғандардың негізінде бірнеше мәселені қарастыруды сұрады:

  • Барлық білім беру ұйымдары үшін бірыңғай қауіпсіздік стандарты әзірленіп, енгізу.
  • Балабақша мен мектептердің қауіпсіздігін лицензиясы бар ұйымдармен ғана қамтамасыз ету.
  • Техникалық тексеру құралдарын, соның ішінде металл детекторларды барлық білім беру мекемелеріне міндетті түрде енгізу.
  • Білім беру мекемелері орналасқан аудандарды патрульдеуді күшейту.